23 мамыр күні Балалық мәселелер жөніндегі үйлестіру орталығының ұйымдастыруымен VIII Облыстық «Демеу жұлдыздары» шығармашылық фестивалі өтті. Бұл өнер мерекесі өңіріміздің түкпір-түкпірінен келген дарынды балаларды біріктіріп, олардың әртүрлі номинациялар бойынша қабілеттерін көрсетуге тамаша мүмкіндік берді. Фестиваль бойы шабыт пен шығармашылық рухқа толы атмосфера орнады.
«Вокалдық орындау» номинациясында Сарбай Нұрдәулет тамаша өнер көрсетті. Оның жүрекке жететін, шынайы сезімге толы әні мен кәсіби деңгейдегі орындауы қазылар алқасын тәнті етіп, ол фестивальдің Бас жүлдесіне лайық деп танылды.
Фестивальдің тағы бір жарқын сәті Хамитов Батырханның өнері болды. «Аспапта орындау» номинациясында ол «Туған жер» әнін домбырамен орындап, шеберлігін, ұлттық нақышты сезіну қабілетін жоғары деңгейде көрсетті. Оның өнері көрермендердің ыстық ықыласына ие болды.
Батырхан Хамитов өз талантын «Көркем сөз» номинациясында да таныта білді. Ол Махамбет Өтемісұлының «Мен, мен едім, мен едім» атты шығармасын жүрекпен оқып, тыңдармандарды тебірентті. Бұл әсерлі өнері үшін Батырхан тағы да Бас жүлдеге ие болды.
Фестивальде алғаш рет Роман Фитяков шу аспаптар ансамблінің құрамында өнер көрсетті. Оның дебюттік қатысуы фестивальге ерекше леп беріп, шығармашылық кештің есте қаларлық бөлігіне айналды.
Музыка мен әдебиеттен бөлек, фестивальде оқушылардың бейнелеу өнері бойынша жұмыстары да ұсынылды. Қатысушылардың суреттері мен қолдан жасаған бұйымдары қазылар алқасы тарапынан жоғары бағаланып, авторлардың өзіндік стилі мен көркемдік шеберлігін көрсетті.
«Демеу жұлдыздары» фестивалі – тек байқау ғана емес, өнер мен шабыттың нағыз мерекесі. Бұл шара қатысушыларға өз таланттарын ашуға мүмкіндік беріп, көрермендерге жүрекке жылу сыйлаған жарқын әсерлермен есте қалды.