Петропавл қаласында ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар арасында «Үміт» облыстық шығармашылық фестивалі өтті. Фестиваль вокал, ишара, аспаптық орындау, хореография және сәндік-қолданбалы өнер номинациялары бойынша ұйымдастырылды.
Іс-шараның негізгі мақсаты — балалардың шығармашылық қабілеттерін қолдау, олардың өнер арқылы өз сезімдері мен эмоцияларын еркін білдіруіне мүмкіндік жасау, сондай-ақ әр баланың мүмкіндігі шексіз екенін көрсету.
Фестиваль барысында қатысушылар өз өнерлерін ортаға салып, шығармашылық шеберліктерін танытты. Өнерпаздардың өнерін қазылар алқасы арнайы белгіленген талаптар мен бағалау критерийлері бойынша бағалады.
Біздің мектептің «Жас қанат» шулы аспаптар ансамблі «Аспаптық орындау» номинациясында І дәрежелі дипломға ие болды. Ал «Вокал» номинациясында 8-сынып оқушысы Өмірзақ Айымгүл «Әжем айтқан ертегі» әнін орындап, І дәрежелі дипломмен марапатталды.
Іс-шара соңында фестивальге қатысқан барлық өнерпаздарға марапаттар табысталды.
Оқушыларымыз бен олардың жетекшілерін лайықты жетістіктерімен шын жүректен құттықтаймыз! Алдағы уақытта да шығармашылық табыс, шабыт және жаңа жеңістер тілейміз!











